Жаңа подкаст! «Елімай» – сенсация. «Тобыл» – жыл өкініші.

«Жыланбаев деген марафоншы жоқ». Әмин Тұяқов сотталып кеткен спортшы туралы айтты

25.06.2024, 16:31

Оның сөзінше, Жыланбаевтың жетістіктіктері елімізде ресми тіркеуде жоқ

«Жыланбаев деген марафоншы жоқ». Әмин Тұяқов сотталып кеткен спортшы туралы айтты
ҰОК

Қазақтың белгілі желаяғы, жеңіл атлетикадан КСРО чемпионы, рекордшы Әмин Тұяқов сотталып кеткен марафоншы Марат Жыланбаевты танымайтынын айтып, оның жетістігіне күмән келтірді.

«Kultobe podcast» арнасына берген сұхбатында ардагер спортшы бірер жыл бұрын сотталып, түрмеге қамалған марафоншы Марат Жыланбаевқа қатысты сауалға жауап берді. Оның сөзінше, Жыланбаевтың жетістіктіктері елімізде ресми тіркеуде жоқ. Марафоншы шетелдегі сынға қалай барғаны да белгісіз көрінеді.

«Сендер Жыланбаевтың кім екенін білмейсіңдер? Әр жерде «құмда алыс қашықтыққа жүгірген» деген әңгіме айтылады. Мысалы, мен бұған сенбеймін. Марафон болды дейді. Еш уақытта Қазақстан күнтізбесінде Жыланбаев деген марафоншы болған жоқ. Оның қалай шыққанын білмейміз. Ол маған келді. Бұл оның жүгіріп жүрген уақыттары болуы керек. Шамамен тоқсаныншы жылдардың соңы. «Стипендия бер» дейді. Мен саған не деп беремін дедім. Бізде күнтізбеде ол туралы дерек жоқ. Қазақстанда қай жерде жүгірген? Бұл бір. Шетелде қай жерде жүгірген? Оның хаттамасы бар ма? Сөйлесіп қарасаң, қазақшылығы жоқ адам. Қазақша ештеңе білмейді. Біраз сөйлесіп көрдім. Соңғы рет кездескенімде билікке қатысты бірдеңені айтты. Мен оған «Сенен басқа адам табылмады ма?» дедім. Сондықтан бұл тек жасалған пиар. Оны біреулер алға қозғап жүр. Менің ол туралы ойым солай. Кейбір журналистер бірдеңе жазды. Жыланбаев деген үлкен спортшы барын мен білмеймін. Бізден шыққан жастарға қатысты жылдар бойынша тізімі бар. Жыланбаев бәленінші жылдары жүгірді дейтін дерек жоқ. Шетелге шығатын үлкен жарыстар болса оның бәрі тек федерация арқылы рұқсат беріледі», - деді Әмин Тұяқов.

Сұхбат барысында ардагер Жыланбаевқа қатысты БАҚ беттерінде жазылған пікірлермен де аса келіспейтінін атап өтті.

«Әр жерде керемет, отаншыл адам деп жазып жатады. Мен оның отаншылдығын көрмедім. Сөйлеген сөздері жынды адамның сөзі секілді», - деді Әмин Тұяқов.

Әмин Тұяқов жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионаты мен спартакиадаларының бірнеше дүркін жеңімпазы. Ол 1965-67 жылдары КСРО чемпионатында 100 метрге жүгіруден күміс жүлдегері болды. Ал 1962-63, 1965-67 жылдары 200 метрге жүгіруден КСРО чемпионы атанды. 1962 - 1963 жылдары 4*100 метрлік эстафеташылар жарысының чемпиондығына қол жеткізген. 6 мәрте КСРО рекордын жаңартқан атлет. Үлкен спортты аяқтаған соң өмірін бапкерлікке арнады. Ол 1992 - 1999 жылдары жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері болып еңбек етті.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам