Олар иеленген Олимпиада жолдамасы өзге елдің спортшыларына беріледі
Токио Олимпиадасында еркін күрестен чемпион атанған алты балуанның ешқайсысы Париждегі ойындарға қатыспайтын болды.
Олардың ішінде Жапонияның балуаны Токуто Отогуро (65 кг) мен АҚШ өкілі Дэвид Тейлор (86 кг) өз елдерінің ішкі іріктеу бәсекесінен өте алмады. Ал аса ауыр салмақтағы Гейбл Стивсон (125 кг) Токио Олимпиадасынан кейін үлкен жарыстарда күрескен жоқ.
Ал Ресей құрамасында Токиода чемпион атаған үш балуан Парижге барады деп соңғы уақытқа дейін айтылып келді. Алайда Халықаралық Олимпиада комитетінің шешімімен аталған елдің балуандарына шектеу қойылып, Заур Угуев (57 кг), Заурбек Сидаков (74 кг), Абдулрашид Садулаевтың (97 кг) Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігінен айырылды.
Сонымен бірге, олар иеленген Олимпиада жолдамасы өзге елдің спортшыларына беріледі. Мәселен, 74 келідегі Сидаковқа тиесілі жолдаманы ХОК кері қайтарып алып, осы салмақта белдесетін Италия балуаны Франк Чамизоға берді. Ал қалған балуандардың жолдамасы әзірге қай елдің балуанына берілетіні белгісіз.