Парижде тіркелетін болашақ үздік нәтижелер Токиодағыдан да аз болуы мүмкін
Төрт жылда бір өтетін Олимпиада ойындарында үнемі рекорд жаңарады. Соңғы жылда Жазғы ойындарда 157 рет әлем рекорды тіркелген.
2004 жылы Афиныда өткен төртжылдықтың басты додасында 47 рекорд ресми тіркеуге алынды. Ал араға төрт жыл салып, Бейжіңде өткен Олимпиадада тағы 34 рекорд есептелді.
Ал 2012 жылы тұманды Альбион елінде өткен Лондон Олимпиадасы 32 рекордпен ерекше есте қалды. Бұның ішінде Қазақстан ауыр атлеті Илья Ильиннің де жеке көрсеткіші болған. Алайда ол рекорд 2016 жылы допинг дауынан кейін тегіс жоққа шығарылды.
2016 жылы Рио Олимпиадасында әлем рекордтары тіркелгенімен Лондондағы көрсеткіштен анағұрлым аз болды. Бразилиядағы Жазғы ойындарда барлығы 27 рекорд тіркелген. Ал Токиодағы Олимпиадада рекордтар саны тағы да азая түсті. Күншығыс еліндегі додада әлем спортшылары барлығы 17 рекорд қана тіркеген.
Әлемді таңдай қақтыған спортшылардың рекордарының дені жылдамдыққа, Олимпиададағы жаңа көрсеткіштермен байланысты.
Байқағанымыз, соңғы 20 жылда Олимпиада сайын рекордтар саны да азайып келеді. Ал Парижде тіркелетін болашақ үздік нәтижелер Токиодағыдан да аз болуы мүмкін. Осындайда белгілі желаяқ Әмин Тұяқовтың «Күндердің күнінде рекордтар да тоқтайды» дегені еске түседі.