Ермаштың Бразилиядағы оқиғасы: 20 минут картинасыз тікелей эфир жүргізіп, Ұлттық арнаны "құтқарды"

Әлемнің танымал балуаны Олимпиадада бесінші рет ту ұстап шығады

24.07.2024, 15:15

Даңқты балуан 2004 жылдан бері алтыншы Олимпиадаға қатысқалы отыр

Әлемнің танымал балуаны Олимпиадада бесінші рет ту ұстап шығады
ашық дереккөз

Грек-рим күресінен төрт дүркін Олимпиада чемпионы, кубалық Михайн Лопес Париждегі ойындардың ашылу салтанатында бесінші рет өз елінің туын ұстайды.
 
Даңқты балуан 2004 жылдан бері өзінің спорттық мансабында алтыншы Олимпиадаға қатысқалы отыр. Ол 2008, 2012, 2016, 2020 жылдары аса ауыр салмақта қарсылас шақ келтірмей, әлемдік рекордты жаңарты.
 
Оған дейін грек-рим күресінен жоғары жетістік ресейлік Александр Карелинге тиесілі болды. Карелин 4 Олимпиадаға қатысып (1988, 1992, 1996, 2000), 3 рет чемпион атанса, Сиднейде күміс жүлдеге тұрақтады.
 
Одан кейін классикалық күрестегі жоғары жетістікті арада 20 жыл өткенде Куба балуаны өзгертті. Енді Лопес кезекті Олимпиадасына қатысып, өз рекордын жаңартуды көздейді.
 
Михайн Лопес Токио Олимпиадасынан кейін халықаралық жарыстарға қатысқан жоқ. Сондай-ақ, бостандық аралының өкілі Рио Олимпиадасынан соң тек 2019 жылы Панамерика ойындарына қатысып, чемпион атанған болатын. Содан кейін Лопес Токиодағы ойындарда белдесіп, барлық қарсыласын еш қиындықсыз жеңді.
 
Куба балуаны өз мансабында Олимпиададан бөлек әлем чемпионатын 5 рет ұтты. Сонымен бірге, Панамерика Ойындарында да бес мәрте жеңімпаз атанған.
 
Айта кететін жайт, Александр Карелин де үш Олимпиадада ту ұстап шыққан. Алайда ол Аустралиядағы ойындарда ту ұстау мәртебесінен тыс қалып, сол жолы финалда АҚШ балуаны Рулон Гарднерге шешуші сәтте жол берді. Ол сұхбаттардың бірінде өзінің Сиднейдегі сәтсіздігін ту ұстап шықпауынан болды деп ырымдаған.


 
Ал Лопес бесінші мәрте ту ұстап шығумен қатар, Парижде топ жара ма деген сауал күрес жанкүйерлерін қатты толғандырады. Дегенмен, Кубаның танымал балуаны Олимпиадада тек күрес түрлерінен ғана емес, барлық спорт бойынша жасы ең үлкен атлеттің бірі. Ол биыл 20 тамызда 42 жасқа толады.

Фото: gettyimages.com

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам