“1bol.kz” сайтын қолдағаныңыз - қазақша сапалы контентке жаныңыз ашығаны! Дауыс беріңіз

«Тарихи алтын». Елдос Сметов Париждегі жеңісі туралы жазба жариялады

30.07.2024, 15:12

Спортшы барша қазақстандықтарға алғыс білдірді

«Тарихи алтын». Елдос Сметов Париждегі жеңісі туралы жазба жариялады
Getty Images

Париж Олимпиадасында дзюдодан чемпион атанған Елдос Сметов көпшілікке алғысын айтты. 60 келіде ХХХІІІ Жазғы Олимпиада ойындарында қарсылас шақ келтірмеген отандасымыз көптен күткен жүлдесіне қалай қол жеткізгеніне тоқталып, әлеуметтік желіде қолдау көрсеткендерге алғысын білдірді.

«Мен - Олимпиада чемпионымын! Өзімнің медаль жиынтығыма тек осы бір медаль жетпей тұрды. Бұл медальді осыған дейін екі рет екі жағынан көріп кеттім. Қол созым жерде қалдырдым. Міне, енді Олимпиаданың алтыны – менікі! Парижге тек алтын алуға келген болатынмын. Арманым орындалды. Шүкір, бақыттымын. Қанша күннен бері мені құттықтап, жылы лебіздеріңізді, сый-сияпаттарыңызды арнап жатқандарыңызды көріп отырмын. Көп рахмет! Сіздердің қолдауларыңыз, қазақ халқының қолдауы мен үшін қашан да ыстық және әлемнің қай бұрышында күрессем де мен оны сеземін. Бұл - Қазақ спортынының, қазақ дзюдосының көптен күткен тарихи алтыны», - деп жазды ол.

Сондай-ақ, ол чемпиондық жолда мақсатқа жету үшін көптеген жолдан өткенін атап өтті.

«Қажырлы еңбек, арманға деген адалдық, мақсатқа деген батыл қадамдар, жарақатқа төтеп беру, талап, дисциплина мені осы шыңды бағындыруға беттеді. Біздің Олимпиада жолымыз үш бөлімнен тұратын ұзақ сапар болды. Осы уақыт аралығында маған қолдау көрсеткен, жігерімді жаншымай үнемі жанымнан табылған, сенген, демеген әуелі ата-анама, отбасы-бауырларыма, асыл жарыма, балаларыма шексіз рахметімді айтамын. Әрине, жеке бапкерім, екінші әкем Ғалымжан ағайдың еңбегін сипаттауға сөз жетпейді. Кәсіби спортшыларды қолдап отырған Мемлекетімізге, Қазақстан дзюдо федерациясына және «Динамо» ұжымына, өзімнің Jenys клубыма алғысымды жеткізгім келеді. Баршаңызға армандаңыздар, сеніңіздер және оған қол жеткізіңіздер дегім келеді! Ақ, қызыл нашивкамен күрестім. Ендігі кезек сары нашивкада», - деді Елдос Сметов.

Естеріңізге сала кетейік, отандасымыз 27 шілде күні Парижге 60 келіде Олимпиада чемпионы атанды. Ол турнир барысында 5 белдесу өткізіп, барлығында басымдық танытты. Іріктеу кезеңдерінде Нидерланд, Украина балуандарын жеңсе, ширек финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Тайпей балуанын қапы қалдырды. Ал жартылай финалда 2023 жылғы әлем чемпионы, испаниялық Франциско Гарригосты қосымша уақытта ұтты. Финалда жергілікті дзюдошы Лука Мхеидзені ваззари ұпайымен жеңіп, өзінің үздік екенін дәлелдеді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам