Италиялық спортшыларға еліктеп медалін тістеп көрген қытайлық қыз әлем назарына іліккен
Париж Олимпиадасында күміс жүлдегер атанған қытайлық гимнаст еліне оралған соң бірден өзінің бұрынғы жұмысына кірісті. Ол ата-анасына тиесілі шағын тамақтану орнында даяшы болып қызмет атқарып жүр.
Яцинь Чжоу Парижде өткен ойындарда Италия спортшысынан кейінгі сатыға жайғасып, екінші орынға ие болған еді. Оның тұғырда тұрған сәті көпшілік назарына ілініп, әлем бойынша талқыға түскен.
Спортшы Олимпиададан кейін бірден өз жұмысына кіріскенін тамақтану орнына келген қонақтардың бірі байқаған. Ол спортта жоғары жетістікке жеткеніне қарамастан, ата-анасына көмектесуді ұмытпағанын әлемдік БАҚ жаппай жазып жатыр.
Яцинь Чжоу Олимпиадада марапаттау рәсімінде Италия спортшыларына таңдана қарауымен ерекше назарға ілінді. Жүлде алған спортшылардың медальды тістеп көргеніне таңданып, өзі де жүлдесін тістеп көрген еді.
Спортшы спорттық гимнастика бойынша бөренедегі жаттығуды көрсетіп, көптеген спортшыларды қапы қалдырды. Оның ішінде 7 дүркін Олимпиада чемпионы, америкалық Симона Байлз да бар.