Санжар Ерұланұлы 31 тамыз күні украиналық қарсыласын ұтып, әлем чемпион атанған
Жасөспірімдер арасында Перуде өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанған дзюдошы Санжар Ерұланұлы жеңісіне қатысты пікір білдірді. Ұлттық құраманың өкілі Оңтүстік Америка құрлығында өткен жаһандық біріншіліктегі айтулы жетістігін қазақ еліне арнайтынын жеткізді.
"Жеңісімді барша қазақ еліне арнаймын. Менің жеңісім Конституция күнімен тұспа-тұс келді. Сондықтан, ерекше қуаныштымын. Енді бұл биікпен тоқтап қалмай, алға басамын", - деді жас спортшы Olympic.kz-ке берген сұхбатында.
90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күрескен Санжар 31 тамыз күні украиналық қарсыласы Лебид Дмитроны уақытынан бұрын ұтып, әлем чемпион атанған болатын.
Отандасымыз жасөспірімдер арасында әлемдік рейтингте 5-ші орында тұрған болатын. Ол әлем чемпионатында барлығы төрт кездесу өткізді. Санжар алғашқы белдесуінде Моңғолия өкілі Мунгун Учрал Ууганбаярды ұтса, ширек финалда грузиялық Гиорги Гелашвилиді қапы қалдырды. Ал жартылай финалда украиналық Аркадии Смаиловтан басым түскен еді.
Санжар Ерұланұлы бұған дейін ел чемпионатын және Азия кубогында топ жарған. Бұдан бөлек, ол Еуропа кубогында күміс жүлдегер атанған.