Шавкат бейнеленген ресми UFC мерчін алуға асық

Елдос Сметов не үшін намыстанғанын айтты

15.09.2024, 23:45

Ол Парижде өте ыңғайсыз жағдайда қалғанын айтып отыр

Елдос Сметов не үшін намыстанғанын айтты
olympic.kz

Дзюдодан Париж олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов «Қызық Таймс» бағдарламасында қонақта болып, қатты намыстанған сәтін еске алды. Спортшы сол үшін ең алдымен тіл үйренуге кірісетінін айтты.

«Осы Олимпиадада ағылшын тілін білмеуім қатты намысыма тиді. Енді соны қолға аламын деп отырмын. Такато емес, бүкіл әлемде қарсыластарым, достарым бар. Олармен сөйлесейін десем, ойымды жеткізе алмаймын. Олар да сұрақ қояды, айтады, бірақ түсіне алмайтынмын. Соның өзінде бұл менің намысыма аса тиіп жүрген жоқ еді. Олимпиада ойындарын ұтқан соң кешке гала-ас ұйымдастырылып, басшылық пен Олимпиада чемпиондары жиналды. Бәрі келіп құттықтап жатыр. «Congratulations» деген жерін ғана түсініп, «thank you» деп қоямын. Сөйлеп жатыр, бірдеңелерді айтып жатыр, мен қарап тұрдым да, түсінбегеніме қатты намыстандым. Арасында «legend» дегенді түсініп, оған да рахметімді айтамын, болды, басқа ештеңе түсінбеймін. Түр жасап алып, рахметімді жеткіземін, бірақ не айтып тұрғанын мүлде түсініп тұрған жоқпын. Мақтап жатқанын ғана сезіп тұрмын. Сол кезде талай жарысқа бардым, талай елде болдым, әлемді ұттым, үш Олимпиадада жүлде алдым, неге осы уақытқа дейін үйреніп, жаттап алмағанмын деп өзіме ызам келді. Алдыма бірінші қойған мақсатым – ағылшын тілін үйрену», - деді.

Айта кетейік, Елдос Сметов Рио және Токио олимпиадаларында екінші және үшінші орын алса, Парижде чемпион атанды.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам