Облыстық дзюдо федерациясының президенті ат мінгізді
Париж Олимпиадасында дзюдодан қола жүлдегер атанған Ғұсман Қырғызбаевқа кезекті рет көлік сыйға берілді.
Белгілі спортшыға Түркістан облысы, Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында құрмет көрсетілген. Бұл жолы дзюдошыға ауылдастары жеңіл көлік сыйласа, облыстық дзюдо федерациясының президенті Жарқынбеков Хамиддин ат мінгізіп отыр.
Ғұсман Қырғызбаев 66 келіде Париж Олимпиадасында бақ сынаған еді. Ол Франция астанасында өткен ойындарда испан, корей, француз балуандарын басымдықпен ұтса, жартылай финалда Бразилия өкіліне есе жіберді. Ал қола жүлде үшін күресте Сербия спортшысын жеңіп, Олимпиада ойындарынан өзінің алғашқы медалін иеленді.
Елге оралған спортшыға демеушілер Toyota Land Cruiser 250 автокөлігін мінгізсе, Алматы әкімі мен белгілі олигарх Кеңес Рақышев та темір тұлпар сыйлаған. Айта кететін жайт, Ғұсман Қырғызбаев Париж Олимпиадасынан бөлек, әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Сондай-ақ, Азия біріншілігінің екі мәрте жүлде иеленген.