Жарыс кезінде спортшылардың аяқ киімі мен футболкалары жыртылып кеткен
Биыл күзде Қытайда өткен жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы төмен нәтиже көрсетумен ғана есте қалған жоқ. Ұлттық құраманың бірнеше спортшысы киімнің сапасыз тігілгенін айтып шағымданды. Велоспортшы Алина Саркулова мен киберспорттан ел намысын қорғаған Әнуар Халықбергенов кроссовкидің табаны түсіп қалғанын және футболканың жыртылып кеткенін әлеуметтік желіде жазған.
Бұл туралы тек отандық БАҚ емес, шетелдік журналистер де жазып жатты. Алайда, біздің Үкімет тарапынан нақты жауап болмаған-тын.
Tengrinews.kz тілшісіне сұхбат берген Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев аталған жайтқа қатысты тексеру әлі жүріп жатқанын айтты.
«Әлі мәселе шешілген жоқ. Қазір арнайы топ құрылып, бұл мәселені тексеріп жатыр. Бір күнде немесе бір айда шешілмейді, біз экспертиза тағайындадық. Заң тұрғысынан алғанда барлығы дұрыс жүргізілген: компаниямен келісімшарт түзілген, киім үлгісі барлық тараппен келісілген. Бірақ, Азиадаға барғанда бірнеше спортшы киімнің сапасына сын айтты. Қазір бұл мәселемен Коррупцияға қарсы қызмет пен Қаржылық монтиоринг агенттігі айналысып жатыр. Олардың тексерісінің нәтижесін күтетін боламыз», - деді министр.
Айта кетейік, Ханчжоуда өткен Азия ойындарында Қазақстан құрамасы небәрі 10 алтын медальмен жалпыкомандалық есепте 11-орынға тұрақтады.