Дзюдошылар әлемдік рейтингте орнын сақтап қалды
Абиба Әбужақынова Абу Даби Гран Слэмінен кейін өзінің әлемдік рейтингте орнын сақтап қалды.
БАӘ-де өткен кезекті маңызды жарыста үшінші орынға ие болған отандасымыз 48 келіде үздіктер арасында 4-ші орында тұр.
Бұл салмақта үздіктер көшін Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы, моңғолиялық Бавуудоржийн Баасанхуу 7226 ұпаймен бастап тұр. Екінші орында Италия өкілі Ассунта Скутто 6212 ұпаймен келеді. Ал үздік үштікті Париж Олимпиадасының чемпионы Нацуми Цунода 5550 ұпаймен түйіндеді.
Бұл ретте отандасымыздың еншісінде 5528 ұпай бар. Ол биыл Абу Дабиде өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді. Ал Париж Олимпиадасында қола медаль үшін күресіп, алайда швед дзюдосына жол берді.
Сондай-ақ, бұл салмақта белдесетін тағы бір қазақстандық дзюдошы Ғалия Тынбаева 10 орынға жайғасты. Бір ай бұрын Загреб Гран Приінде күміс жүлдегер атанған ол 9-шы орынға көтерілген еді.