Ермаштың Бразилиядағы оқиғасы: 20 минут картинасыз тікелей эфир жүргізіп, Ұлттық арнаны "құтқарды"

WADA-ның аккредитациясынан 7 жыл бұрын айырылған зертханаға неге қыруар қаржы бөлінген

30.10.2024, 14:44

Нартай Аралбайұлы допингке қарсы зертхана жұмысы туралы сұрады

WADA-ның аккредитациясынан 7 жыл бұрын айырылған зертханаға неге қыруар қаржы бөлінген
Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы «2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау кезінде Туризм және спорт министрлігіне допингке қарсы зертхана жұмысы туралы сауал қойды.

Мәжілісмен еліміздегі зертхананың WADA-ның аккредитациясынан айырылғанына жеті жыл өтсе де, оған жыл сайын қыруар қаржы бөлініп жатқанының себебін сұрады.

«Елімізде спортшылардың допингке қарсы зертханасы бар. Оған 2025 жылы 482,8 млн теңге бөлу жоспарланып отыр. Дей тұрғанымен допингке қарсы зертхана ашқан кезде оған WADA-ның аккредитациясы керек екенін білеміз. Еліміздегі зертханада WADA-ның аккредитациясы болған. Бірақ 2017 жылдың 30 маусымында біздің зертхана аккредитациясынан айырылған. Соған қарамастан сол аккредитацияны қайта аламыз деп 2017 жылдың соңында Ұлттық олимпиада комитеті мен Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры еліміздегі зертханаға 1,3 млрд теңгеге құрал-жабдық сатып алған. Бірақ WADA-ның аккредитациясын қайтару мүмкін болмады. Соңғы бес жыл ішінде зертхананы ұстауға 1,8 млрд теңге қаражат бөлінді. Алайда аккредитация сол күйі қайтарылмады. Сөйте тұра министрлік 2025 жылы аталған зертханаға 482,8 млн теңге, 2026 жылы 483,9 млн теңге, 2027 жылы 483,9 мл теңге бөлуді жоспарлап отыр», - деді депутат.

Нартай Аралбайұлы осы орайда аккредитация қашан қайтарылатынын және құйылып жатқан қаражаттың есебін сұрады.

«Егер жеті жыл бойы аккредитацияны қайтару мүмкін болмаса, онда бұл зертханаға қаражат бөлуді тоқтату керек шығар. Осыған қатысты министрліктің көзқарасын білгім келеді және WADA-ның аккредиттеуін қайтаруға мүмкіндік бар ма, бар болса оның мерзімі қандай? Себебі алдағы үш жылда 1,5 млрд теңге береміз, соңғы бес жылда 1,8 млрд бердік, құрал-жабдыққа 1,3 млрд теңге бердік. Ақша далаға кетіп жатқан жоқ па?» – деп сауал тастады депутат.

Ал бұл сұраққа туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев жауап берді. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, жұмыс ойдағыдай атқарылса, бұл зертханаға аккредитация 2025 жылы қайтарылуы керек.

«Сіз айтқан зертхана 22 жыл жұмыс істеді, соңғы жылдары аккредитациядан айырылғанымен, қазіргі уақытта WADA-мен жол картасы бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. Нақтыласақ, Алматы қаласында жаңа ғимарат жалға алынды. Себебі 15 жылдай ескі ғимаратта отырған соң, WADA тарапынан шағым болған. Екіншіден, ҰОК-пен бірігіп осы ғимаратқа жаңа құрал-жабдық сатып алдық. Үшіншіден, немістің ДАКС деген орталығынан аккредитация алып, ол лицензия бізге қан және несеп сараптамаларын алуға рұқсат береді. Жол картасының 90 пайызы атқарылды. Егер біз бәрін тиісті деңгейде орындасақ, онда WADA 2025 жылы аккредитацияны беруді жоспарлап отыр. Ол жерде небәрі 22 адам жұмыс істейді, бәрі ғылыми қызметкерлер. Ал орташа жалақысы – 300 мың теңге. 2024 жылы 12 млн теңгеге Денсаулық сақтау министрлігінің грантын ұтып алып, қан талдауын жасады. Яғни спорттан тыс зерттеулер жасауға мүмкіндіктері бар. ІІМ-мен бірігіп психотроптық заттарға тексеру де жүргізе алады. Олар шамамен 250 млн теңге табыс әкеледі деп жоспарлап отырмыз», - деді Жарасбаев.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам