Бразилиядағы оқиғалар-2: фэйк Рональдиньо, қарапайым Клозе, жұрт ұмытқан МакМанаман

Домбыра, баян тартып жүріп, күреске қадам бастым – Ғұсман Қырғызбаев

18.11.2024, 12:04

Спортшы кішкентайынан ата-әжесі чемпион болуын тілеп, үнемі бата бергенін айтты

Домбыра, баян тартып жүріп, күреске қадам бастым – Ғұсман Қырғызбаев
ҰОК

Ақтөбеде дзюдодан өткен ел чемпионатына құрметті қонақ ретінде қатысқан Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев сұхбат берді. «Aqtobe» арнасының тілшісімен болған әңгімеде дзюшы үлкен спортқа қалай келгенін, алдағы Олимпиадаға қатысу туралы сауалға жауап берді.  

«Мектепте оқығанда қазақ күресінен басқа дамыған секция жоқ еді. Бастапқыда музыка үйірмесіне барып жүрдім. Музыкалық аспаптардан домбыра, баянда ойнадық. Оның қасында спорт секциясында басқа балалар күресіп жүруші еді. Кейін ата-анама қоймай айта берген соң солар күреске жетектеп әкелді. Татамиді сыртынан көргенде жұмсақ секілді еді ғой. Сөйтсек, ол қатты болады екен. Ауданда дзюдо жоқ, тек қазақ күресі ғана бар еді.Қазақ күресінен әлем және Азия чемпионы атандым. Дзюдодан әлем мен Азия біріншігінде жүлде алдым», - деді ол.

Сондай-ақ, спортшы кішкентайынан ата-әжесі чемпион болуын тілеп, үнемі бата бергенін айтты.

«Бала кезімде Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев чемпион болғанда ата-әжем теледидарға қарап отырып, дұға оқып, бата жасаған болатын. Кішкентай болсақ та, чемпион болу туралы армандайтын едік. Арманымның 70 пайызы орындалды. Спорт бізге көп нәрсе берді. Тәртіпке үйретіп, ортада өзімді ұстауды үйретті», - деді Ғұсман Қырғызбаев.

Спортшы көбіне сұхбат беруге ынталы емес екенін атап, көп ашыла бермейтінін жеткізді. Сондай-ақ, Ақтөбе сапарында қандай әсерде қалғанын айтып өтті.

«Ақтөбеге осымен екінші рет келіп отырмын. Бұл жақта тары маған ерекше ұнады. Шаймен ішіп, бір терледік. Бұған дейін де талай ел біріншілігінде болдық. Соның ішінде ең жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын осы біріншілік деуге болады», - деді Париж Олимпиадасының жүлдегері.

Бұдан бөлек, спортшы Олимпиадада жүлде алса да аса қуанышты болмағанын жасырмады.

«Парижде үшінші орынға ол кезде қатты қуана алмадым. Елге келген соң халықтың қошеметін көргеннен кейін бәрін сезініп, өзіме риза бола бастадым. Әлі де қуанышты сезімде жүрмін. 2028 жылғы Олимпиадан кейін спорттық мансабымды аяқтаймын деген ойдамын», - деді Ғұсман Қырғызбаев.

Ғұсман Қырғызбаев Париж Олимпиадасында 66 келіде белдесіп, үшінші орынға тұрақтады. Ол Испания, Оңтүстік Корея, Франция балуандарын айқын жеңді. Ал жартылай финалға Бразилия өкіліне есе жіберіп, қола үшін күресте Сербия балуанын жеңді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам