Карлос Хамза Ширазбен жекпе-жегі туралы айтып өтті
Доминикандық боксшы Карлос Адамес (24-1, 18 КО) шетелдік БАҚ-та британдық Хамза Ширазбен (21-0, 17 КО) жекпе-жегі туралы шыққан ақпаратқа түсініктеме берді.
«Мен қазір ғана өз командаммен сөйлестім, әзірге расталған жекпе-жек жоқ. Көп адамдар менен келесі жекпе-жегім туралы сұрап жатыр, мен бұрын айтқанымдай, біз Жәнібекке ұсыныс жібердік, бірақ ол жауап бермеді. Әзірге ештеңе ресми емес, қандай да бір ақпарат алсам, ең алдымен сіздерге хабарлайтын боламын», – деп жазды Адамес Х желісінде.
Айта кетейік, британиялық боксшы Хамза Шираз (21-0, 17 КО) Жәнібек Әлімханұлымен (16-0, 11 КО) кездесуден бас тартты.
WBO-ның жаңа президенті Густаво Оливьеридің айтуынша, Шираздың командасы промоутерлік саудаға қатысудан бас тартқан. WBO енді басқа үміткерді тағайындайды.
Бұған дейін Шираздың промоутері Фрэнк Уоррен Шираздың 22 ақпанда Эр-Риядтағы бокс кешінде чемпиондық айқас өткізетінін айтқан. Соған қарағанда, ол Эрисланди Ларамен (WBA) немесе Карлос Адамеспен (WBC) кездесетін секілді.