Оның бапкері де жыл үздігі атанып отыр
Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасына жалғыз алтынды сыйлаған дзюдошы Елдос Сметов тағы бір марапатқа ие болды.
Туризм және спорт министрлігі «Үздік» спорттық премиясында тараздық балуанды 2024 жылдың үздік спортшысы деп таныды. Ал оның жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиевті биылғы үздік жаттықтырушы ретінде марапаттаса, Қуанышбек Есекеев 2024 жылдың үздік федерация президенті ретінде құрметке бөленді.
27 шілде мен 10 тамыз аралығында Франция астанасында өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары 7 медаль иеленді. Оның ішінде 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль бар. Ал дзюдодан 60 келіде белдескен Сметов барлық кездесуінде жеңіске жетіп, Олимпиада чемпионы атанған еді.
Ол егемен Қазақстан тарихында дзюдодан төртжылдықтың басты ойындарында жүлде алған тұңғыш спортшы атанды.