Ал, жылдың ең үздік спортшысы болып Елдос Сметов танылды
Астанада Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен 2024 жылдың қорытындысы бойынша «Үздік-2024» атты спортшыларды салтанатты марапаттау іс-шарасы өтті.
Мысалы, жылдың үздік спорт федерациясы номинациясы – Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясына бұйырды. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтан марапатты федерация президенті Дәулет Тұрлыханов алды.
Айта кетейік, Тұрлыханов биыл Мырзабосынов министр болған кезде жыл сайын министрлерді ауыстыра беру – спорт саласының дамуына зор нұқсан келтіріп жатыр деп сынаған еді. Өйткені, расымен де соңғы төрт жылда Қазақстанның спорт саласында төрт бірдей министрі ауысты.
«Спорт саласында министрлердің жиі ауысуы біздің салаға өте зор нұқсан келтіріп жатыр. Өйткені, министр болып келген кейбір азамат не спортшы емес, не бітірген оқуының кәсіби спортқа қатысы жоқ, не бұл салада мүлдем тәжірибесі жоқ. Олардың спорт саласын танып-білуі үшін бірталай уақыт керек. Оның үстіне, әр министр тағайындалған кезде өзінің көзқарасымен келеді, саланы түсіну үшін кемі 1-2 жыл жұмыс істеуі керек», - деген болатын Тұрлыханов журналистердің сауалына жауап беру кезінде.