Ол Олимпиада ойындарынан кейін бір жарысқа қатысып үлгерді
48 келіде белдесетін дзюдошы Абиба Әбужақынова жаттығуға қызу кірісіп кетті. Ол негізгі күшін физикалық оқу-жаттығу жұмыстарына жұмсап жатыр.
Олимпиададан кейін тыңғылықты жаттығуды бастаған даңқты дзюдошы қазіргі уақытта 40 келілік зілтемірді еркін еңсергенін айтады.
«40 келіні көтердім. Бұл көрсеткішті алда 60 келіге жеткіземін», - деп жазды дзюдошы өзінің Instagram-парақшасында.
Париж Олимпиадасында Қазақстан әйелдер құрамасы сапында өнер көрсеткен дзюдошы 5-ші орынға тұрақтаған еді. Ол іріктеу кезеңдерін сәтті бастап, ширек финалға дейін еркін жетті. Алайда, жартылай финалға шығар жолда испан спортшысынан ұтылып қалды. Ал жұбаныш белдесуінде парагвайлық татами шеберін айқын жеңіп, қола үшін күресте Швеция спортшысынан айласын асыра алмады.
Айта кететін жайт, Париж Олимпиадасынан кейін спортшы Абу Даби Гранд Слэміне қатысып, қола жүлде иеленді. Желтоқсан айының басында Токиодағы Гранд Слэм бәсекесінде ол күрескен жоқ.