Алматыда өтіп жатқан жарыста өзге спортшыларымыз іріктеуден өте алмады
Санаулы сәттер бұрын Анастасия Городко «Шымбұлақта» өтіп жатқан фристайл-могулдан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жекелей сында 2-орын алды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Отандасымыз таңдаулы 6 спортшы арасындағы суперфиналда 70.79 балл иеленді. Алтын медаль – былтыр қола жүлдегер атанған жапониялық Юма Тагучидің еншісінде (72.43 балл). Үздік үштікті тағы бір жапон спортшысы түйіндеді (66.63 балл).
Еске сала кетейік, Анастасия 2022 және 2024 жылы Италияның Кьеза-ин-Вальмаленко қаласындағы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жекелей сында алтыннан алқа таққан. Сонымен қатар, параллель могулда 2 рет күміс жүлдеге ие болған.
Таңертең Анастасия Городко іріктеуде 69.83 балл жинап, 1-орынмен ақтық сынға жолдама алған болатын. Тағы бір отандасымыз Юлия Фиклистова ол кезде 14-сатыдан көрінген (51.18 ұпай).
Бүгін ерлер арасында қазақстандық фристайлшы финалға шыға алмады. Семён Русаков 18-орынмен шектелді.
Жекелей сындағы қалған спортшыларымыздың іріктеудегі нәтижесі мынадай:
Анастасия Ларионова 17-орын (43.09 ұпай)
Виктория Кузнецова 18-орын (42.87)
Юлия Мокина 22-орын (30.70)