Черчесовтың түбіне «қазақ тілі» жетті ме? Жаңа бапкерге – жаңа талап. Қазақты мазақ қылғандар туралы

«15,4 млн теңге несием бар»: Алмас Өтешов министр мен Тұрлыхановтан көмек сұрады

05.02.2025, 11:22

Ол қызметке орналасып, адал жолмен жан баққысы келеді

«15,4 млн теңге несием бар»: Алмас Өтешов министр мен Тұрлыхановтан көмек сұрады
скрин YouTube

Ауыр атлетикадан 2013 жылғы әлем чемпионы Алмас Өтешов алты ай бойы Астанадағы арақтан айықтыру орталығында емделіп шыққан. Енді ол ішкілікті тастап, жаңа өмір бастағысы келеді. Бірақ басындағы несиесін жаппаса, жаңа жұмысқа тұру қиын деп отыр.

Спортшы «Уақыт көрсетеді» бағдарламасына тағы қонаққа келіп, соңғы жағдайларды баян етті. Несиесінің көлемі 15 млн 400 мыңға жеткен. Егер оны жаппаса, жұмыстан жалақы алмайды. Өйткені карталарының бәрі бұғатталған.

«Несием жабылса, ертең-ақ бапкер болуға дайынмын. Менің ЖСН-імді айтайын. Өздеріңіз қарап алыңыздар сенбесеңіздер. 15 млн 400 мың теңге қарызым бар. Көп дүниені көрдім. Жұмыс берген адамды ұятқа қалдырмаймын деп ойлаймын», - дейді спортшы.

Алмас Өтешов өзі аға ретінде құрмет тұтатын қазіргі Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановқа да хат жаған екен. Алайда, Whatsapp мессенджеріндегі хабарламасын Тұрлыханов оқығанымен, жауап бермеген.

2013 жылы Өтешов әлем чемпионатында жүлде алғанда сол кездегі Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев оған үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс етіпті. Алайда, 10 жылдан астам уақыт өтсе де пәтер спорт мектебінің балансында екен. Соны өз атына меншіктеп алғысы келеді.

Одан бөлек, Алмас Өтешов жаңа спорт министрі Ербол Мырзабосыновтан көмек сұрады. Егер ауыр атлетикадан шәкірт тәрбиелеуге қолғабыс етсе, сенімді ақтаймын деп отыр.

«Еліме қызмет еткім келеді. Өз білгенімді жас буынға үйреткім келеді. Өз саламда жұмыс істесем деймін. Көп жағдайды емделіп жатып өткізіп алдым. Жаңадан келген спорт министрі Ербол Мырзабосыновтан көмек сұраймын. Маған екі қолға бір күрек берсе, жастарға спорт бойынша білім беруге дайынмын. Жалпы министрліктен көмек беруін сұраймын. Сол ішімдіктің кесірінен көп дүниеден айырылдым», - дейді Алмас Өтешов.

Еске салайық, Өтешов былтыр да осы YouTube-каналға сұхбат беріп, Қазақстанның ауыр атлетикасында болған талай былықтың бетін ашқан болатын.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам