
Қалғандарының бәрі жеңіліп қалған
Әзірбайжан астанасы Баку қаласында дзюдодан Гран Слэм жарысы аяқталды. Баку төріне әлемнің 36 елінен 258 (166 ер, 92 әйел) татами шеберлері жиналды.
Қазақстаннан 12 дзюдошы қатысты. Ел қоржынында 1 қола медаль бар. Жарыстың соңғы күнінде ауыр салмақта күрескен Ерасыл Қажыбаев қола медальға ие болды. Бұл қазақ дзюдошыларының Бакудегі алғашқы және соңғы жүлдесі болды. Сондай-ақ, бұл – 2025 жылы әлемдік жарыста қазақстандық дзюдошылар алған алғашқы медаль. Қазақстан құрамасы Бакуде 1 қоламен жалпыкомандалық есепте 16-орында тұрақтады.
Турнирде 22 елдің дзюдошылары жеңіс тұғырынан көрінді. 5 елдің ғана балуандары турнир чемпион атанды.
Жалпы командалық есебінде Жапония көш бастады. Жапон дзюдошылары 14 салмақтың онында жеңімпаз атанды. Одан бөлек, жапондар 4 күміс, 3 қола медаль олжалады.
Екінші орында Германия құрамасы тұр. Неміс дзюдошылары 1 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлдеге ие болды.
Ал, Әзербайжан құрамасы үздік үштікті түйіндеді. Жарыс қожайындары 1 алтын, 1 күміс, 3 қола жүлдеге қол жеткізді. Канада дзюдошылары 1 алтын, 1 күміс алып төрттікке тұрақтаса, Венгрия 1 алтынмен жарысты 5-орынмен аяқтады.
Баку татамиінде қазақ дзюдошыларының жүріп өткен жолы: 60 келіде татамиге шыққан екі балуан алғашқы белдесуден аспады. Әбілқайыр Ұлықбек алғашқы белдесуінде IJF туының астында күрескен Суге-Мадир Кан-Демирден вазари ұпайымен жеңілді. Ал Данияр Кулушев германиялық Гайдар Максимилианнан шидо саны бойынша есе жіберді.
66 келідегі Қанат Сейілхан алғашқы белдесуінде өзбек дзюдошысы Азизбек Ортиковтен юко әдісімен жеңілді. Ислам Тоқтасын (73 келі) турнирді 7-орынмен аяқтады. Ислам Аустралия, Германия балуандарын жеңіп, ширек финалға жеткен. Ширек финалда әзербайжандық Вусал Галандарзадеден өте алмады. Одан кейін жұбаныш белдесуге күресіп, Грузия балуан Гиорги Чихелидзеге есе жіберді.
81 келіде күрескен Мейіржан Жұмабек алғашқы белдесуінде жарыс қожайынынан жеңілсе, 90 келідегі тәжірибелі дзюдошы Дидар Хамза алғашқы айналымда жеңгенімен, екінші белдесуде жапон мықтысы Санчиро Мураоға қауқар көрсете алмады. 90 келіде татамиге шыққан тағы бір қазақстандық Қуаныш Ратаев жарысты бірінші айналымда тоқтатты.
Бакуге барған ең тәжірибелі балуан Ислам Бозбаев жарысты 7-орынмен қорытындылады. Ислам 3 белдесу өткізіп, екеуінде жеңілді.
-100 келідегі тағы бір қазақ балуаны Естай Ермахан алғашқы айналымда өзбекстандық Рустам Шорахметовтан жеңілді.