
Бұған дейін де ол екі рет аталған турнирге қатысқан
Алматыда өтіп жатқан кәсіпқой күрес турнирінде еркін күрестен әлем чемпионатының 2 дүркін қола жүлдегері, 3 дүркін Азия чемпионы Азамат Дәулетбеков жеңіске жетті. PWL турнирде ол Олимпиаданың күміс жүлдегері, Беларусь атынан күресетін дағыстандық Хадимагомедов Магомедхабибпен күресіп, 4:0 есебімен басым түсті.
Азамат жеңіске жеткен соң әсерімен бөлісті.
«Толық 6 минутқа дайын болып шықтым. Беларусь балуаны мықты, техникасы жоғары деңгейдегі балуан. Сондықтан жәй шыға салуға болмайды.
Халықтың қолдауы ерекше болды. Өз жерімізде өтіп жатқандықтан жеңу керек болды. Барлығы ойдағыдай аяқталды.
Бұдан кейін құрамамен бірге оқу-жаттығу жиынында болам. Келесі жарыс Азия чемпионаты болмақ. Соған дайындаламыз», - деді ол.
Айта кетейік, Азамат осымен үшінші рет PWL турниріне күресіп отыр. Бұған дейін екі белдесуді ресейлік балуандарға қарсы өткізген. Алдымен Ресейде Артур Найфоновтан жеңілсе, 2022 жылы Алматыда Арслан Багаевтан басым түскен.