
Америкалық балуан Алматыда өткен турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атады
Алматыда өткен PWL-8 кәсіпқой күрес турнирінде қазақстандық әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан америкалық Олимпиада чемпионы Кайл Снайдермен белдесіп, ірі есеппен жеңілді.
Балуандар 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күресті. 6 минуттық белдесуде Снайдер 8:0 есебімен басым түсті.
Айта кетейік, Снайдер бұл күні екі белдесу өткізді. Ризабектен бөлек ол ресейлік Константин Пшеничниковты да жеңді.
«Алматы, үлкен рақмет! Барлығы тамаша болды. Осымен Қазақстанға екінші рет келіп тұрмын. 2019 жылы Астанадағы әлем чемпионатына келген болатынмын. Қазақстанға тағы да алғыс айтамын.
PWL турниріне алғаш қатысуым. Ұйымдастырушы тарапқа рақмет. Барлығы сәтімен өтті», - деді америкалық даңқты балуан.
Кайл Снайдер – Рио олимпиадасың чемпионы, Токио олимпиадасың күміс жүлдегері, сондай-ақ әлем чемпионатының үш дүркін жеңімпазы. Даңқты балуан Париж Олимпиадасында жүлдесіз қалған.
Ризабек Айтмұқан болса еркін күрестен 2024 жылғы әлем чемпионы. Тәуелсіз Қазақстан тарихында оған дейін мұндай биікті ешкім бағындырмаған.
Еске салайық, аталған турнирге қатысқан Азамат Дәулетбеков Олимпиаданың күміс жүлдегері, Беларусь атынан күресетін дағыстандық Хадимагомедов Магомедхабибті жеңсе, Жәмила Бақбергенов қырғыз қызы Айпері Медетқызынан жеңіліп қалды.