
Спортшылардың мұндай ерсі қылығына жергілікті жанкүйерлер наразылық білдіріп жатыр
Дзюдодан Ташкентте өтіп жатқан Гран Слэм турнирінде 73 келіде өзбекстандық Шахрам Ахадов пен Обидхон Номанов қола медаль үшін күресті. Белдесу қос дзюдошының кезек-кезек шабуылымен басталған. Екеуі бірін-бірі ала алмай, көп арпалысты. Белдесу бел ортасынан асқанда Номанов сылбыр күрескеніне байланысты үшінші шидо (ескерту), яғни хансоку маке (қатаң ескерту) алды. Нәтижесінде жеңіс Шахрам Ахадовқа берілді.
Белдесу тоқтатылып, жеңіске жеткен дзюдошының аты аталған соң, қос дзюдошы татамиде бір-бірінің қолын алып, құрмет көрсету керек болған. Алайда, Номанов отандасының қолын алмастан татамиден кетіп қалды. Дзюдо жанкүйерлері мен сарапшылар бір елдің дзюдошылары осылайша бір-біріне құрметсіздік көрсеткеніне наразы болуда. Мұндай жағдай дзюдода көп кездеспейді.
Мәселен, бүкіл әлемге бітіспес қарсыластар ретінде танылған жапон Хифуми Абе мен Жоширо Маруяама белдесу аяқталған соң татамиде бір-бірінің қолын алып, құрмет көрсетіп жатады.
Шахрам Ахадов биыл осымен екінші мәрте Гран Слэм турнирінде медаль алып отыр. Парижде өткен додада ол жеңімпаз атанған. Ал, Номанов биыл алғаш рет жарысқа қатысып отыр.