
Наурыздың аяғында Иордания астанасына құрлықтың ең үздік балуандары жиналады
Еркін күрестен 97 келіде белдесетін Ризабек Айтмұқанға құрлық біріншілігінде екі балуан ең негізгі қарсылас атануы мүмкін екені болжанып отыр. Оның бірі – Олимпиада чемпионы Ахмед Тажудинов болса, екіншісі жапониялық – Араш Йошида (Жапония).
«Күншығыс елінің» балуаны жақында Хорватияда өткен рейтингтік турнирде америкалық даңқты спортшы, Олимпиада чемпионы Кайл Снайдерді жеңген болатын.
Сонымен қатар, Азия чемпионатында Иран балуаны да Ризабек үшін басты қарсыластардың бірі атануы мүмкін.
25 наурызда Иордания астанасы Амманда басталатын күрес түрлерінен Азия чемпионатының алғашқы екі күнінде грек-рим күресі балуандары белдессе, 27-28-де бозкілемге бұрымды балуандар шығады. Ал еркін күрес шеберлері 29-30 наурыз күндері күреседі. Бұл ретте Ризабек Айтмұқан 29 наурыз күні бағын сынайды.
Естеріңізде болса, әлем чемпионы Ризабек былтыр сәуір айының басында Бішкекте өткен құрлық біріншілігінің финалына дейін жетіп, шешуші белдесуде Ахмед Тужудиновке 4:2 есебімен жол берген еді.