Ақмарал Науатбек пен Альфия Тілекқабыл әлем кубогінде жеңіске жетті

24.03.2025, 22:37

Қоржында тағы бір күміс медаль бар

Ақмарал Науатбек пен Альфия Тілекқабыл әлем кубогінде жеңіске жетті
olympic.kz

Тбилисиде өтіп жатқан парадзюдодан Әлем кубогінде (J2, -52кг) сынға түскен Ақмарал Науатбек жарыс чемпионы атанды. Отандасымыз ақтық сында Германия балуаны Изобель Тайды ауырту әдісі арқылы жеңді.

Айта кетейік, бұл – Ақмаралдың Париж паралимпиадасынан кейінгі алғашқы жарысы. Ол Олимпиада чемпиондарына тән алтын жазуы бар кимономен күресті.

Бұдан өзге, (J1 -52кг) санаты бойынша белдескен Альфия Тілекқабыл финалда бейтарап ту астында белдескен Виктория Потапованы жеңіп, алтыннан алқа тақты.

Альфия небәрі 18 жаста. Ол финалға шығар жолда Паралимпиада ойындарының екі бірдей жүлдегерін қапы қалдырды.

Ал, ерлер арасында ел намысын қорғаған Ғалымжан Смағұлұлы (J2 -82) алтын үшін тартыста латвиялық балуанға есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болды.

Еске салайық, Ақмарал Науатбек – 2024 жылғы Париж паралимпиадасының чемпионы. Бұл жеңісінен кейін оған «Дарын» жастар сыйлығы мен «Халық сүйіктісі» арнайы сыйлығы берілді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам