
Ол 2024 жылы Қазақстан азаматтығын алған
Амманда (Иордания) күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында еркін күрес шеберлері бозкілемге шықты. 70 келіде ел намысын қорғаған ресейлік легионер Начын Куулар алғашқы айналымда қырғыз балуаны Эрназар Ахматалиевтен 5:4 есебімен жеңілді.
Начын Куулар биыл осымен екі турнирде алғашқы белдесуінде жеңілді. Ақпан айында ол Албанияның Тирана қаласында өткен рейтингтік турнирде Молдава балуаны Диакон Вазиледен ойсырай жеңілген болатын.
Айта кетейік, Начын Куулар былтыр күзде Тараздағы ел кубогында жеңімпаз атанып, 70 келіде Қазақстанның бірінші нөмерлі балуаны атанған.
29 жастағы тывалық балуан 2024 жылы Қазақстан азаматтығын алды. Сол жылы 65 келіде ел чемпионатын 3-орынмен аяқтаған.
Аммандағы Азия чемпионатына Қазақстан атынан ресейлік екі легионер барған. Оның бірі осы Начын Куулар болса, екіншісі – грек-рим күресінің шебері Шамиль Ожаев. Ол Азия чемпионатын үшінші орынмен аяқтады.