ЛЧ-ға Марат Достаевпен болжам! ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым

Ресейлік әйгілі балуан Абдулрашид Садулаев Еуропа чемпионатына тағы жіберілмеді

06.04.2025, 10:58

Ол былтыр да жіберілмеген

Ресейлік әйгілі балуан Абдулрашид Садулаев Еуропа чемпионатына тағы жіберілмеді
Известия

Еркін күрестен Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Абдулрашид Садулаевқа Еуропа чемпионатына қатысуға виза берілмеді.

Белгілі спортшы Словакияда өтетін құрлық біріншігіне Ресей құрамасының атынан қатысуы тиіс болған. Алайда, жарыс таяғанда виза бойынша мәселе туындап отыр.

Ресейдің еркін күрес құрамасының бас бапкері Қажымұрат Гацалов Садулаевтың орнына басқа балуан баратынын айтты. Бірақ даңқты балуан желіде жазба жариялап, визадан әлі де үмітті екенін мәлімдеді.

«Қазір менің жағдайыма алаңдап, көптеген қоңырау мен хабарламалар алып жатырмын. Менің виза мәселем қазіргі уақытта Ресей мен Словакияның сыртқы істер министрліктерінде қаралып жатыр. Әлі де болсын виза аламын деген үмітім бар. Сіздердің бей-жай қарамай, алаңдаушылық білдіріп, дұға жасап жатқандарыңызға үлкен рақмет. Бұл қолдау мен үшін өте қымбат», — деп жазды Садулаев.

Аталған чемпионат Братиславада 7-13 сәуір күндері өтеді. Естеріңізде болса, ресейлік балуан 2024 жылы Румынияда өткен Еуропа чемпионатына да виза мәселесі бойынша Бухарест әуежайынан кері қайтуға мәжбүр болған-тын. Сондай-ақ, былтыр сәуір айында спортшыға халықаралық Олимпиада комитеті Бакуде өткен Олимпиадаға іріктеу турниріне қатысуға шектеу қойды.

Абдулрашид Садулаев еркін күрестен Рио және Токио Олимпиадасының чемпионы. Ол соңғы рет 2021 жылы әлем чемпионатына қатысып, әлемнің бес дүркін чемпионы атанған болатын.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам