Әйгілі балуан Садулаевтың 5 млн долларын ресейлік олигарх тартып алмақ

12.04.2025, 20:01

Спортшының өзі мұны рейдерлік басып алу деп отыр

Әйгілі балуан Садулаевтың 5 млн долларын ресейлік олигарх тартып алмақ
UWW

Даңқты балуан, еркін күрестен Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Абдурашид Садулаев ресейлік «Судоремонт» АҚ компаниясының акцияларын сатып алғаннан кейін қиын жағдайға тап болғанын хабарлады.

Ол аталмыш кәсіпорынның бақылау пакетін 520 миллион рубльге сатып алып, компанияның дамуына белсенді үлес қоса бастаған. Алайда, жарты жылдан кейін бұл компанияға белгілі кәсіпкер Сулейман Керимовтің қызығушылық танытқаны белгілі болды. Бірақ Садулаевқа ресми ұсыныс жасаудың орнына, акцияларын тегін беру туралы ишара жасалған. Балуан болса бұған үзілді-кесілді қарсы болған.

Осыдан соң компанияға қатысты заңдылықты тексеру басталып, Садулаев иелік ететін акциялар бұғатталған. Танымал спортшы бұл әрекетті рейдерлік басып алу деп бағалап отыр.

Садулаевтың айтуынша, бұл жағдай тек бизнес емес, құқықтық әділеттілік мәселесі болып отыр. Қазір ол бұл іске қатысты өзінің мүддесін заң аясында қорғауға бел буған. Бұл оқиға Ресей қоғамында үлкен резонанс тудырып, кәсіпкерлер мен инвесторлар арасында еркін бизнес жүргізу құқығы мен меншікке қол сұғылмаушылық тақырыбын қайта көтеріп отыр.

Естеріңізде болса, Абдулрашид Садулаевқа Словакияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатына қатысу үшін виза берілмеген еді. Балуан осымен екінші мәрте Еуропа чемпионатына құжат бойынша туындаған мәселеге байланысты қатыса алмады.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам