Аралас жекпе-жек шебері Зәмзәгүл Файзолла Жәмилә Бақбергенованы күресуге шақырды (ВИДЕО)

12.04.2025, 22:34

Екеуі 2016 жылы белдесіп, ол кезде Жәмила 10:0 есебімен жеңіске жеткен

Аралас жекпе-жек шебері Зәмзәгүл Файзолла Жәмилә Бақбергенованы күресуге шақырды (ВИДЕО)
коллаж: 1bol.kz

Жуырда ғана «Бірінші бол» YouTube-каналына сұхбат беріп, дзюдоға қайта оралғанын айтқан белгілі балуан Зәмзәгүл Файзолла Алматыда өтіп жатқан Nomad Wrestling 2 турниріне қатысып жатыр. Кезекті белдесуінде ол джиу джитсу шебері Еркежан Ерланованы ауырту әдісімен жеңді.

Осы жеңісінен кейін ол қыздар күресінің жұлдызы, әлемнің төрт дүркін жүлдегері және Азияның төрт дүркін чемпионы Жәмила Бақбергенованы белдесуге шақырды.

«Жәмила Бақбергенова, сен мені естіп тұрсың ба? Сенімен менің аяқталмаған бір ісім бар. Мен еркін күреспен сенімен күресіп, сенен ұтылғам. Енді Номадқа кел. Екеуіміз күресейік. Менің бетімді қайтарма, сіңілім ретінде қайтарма», - деп жанкүйерлердің делебесін қыздырды.

Осы жайттан кейін біз Жәмиланің өзіне хабарласып, ой-пікірін білдік. Батыр қыз ойланбастан келісе кетті. Алайда, дәл қазір Азия чемпионатынан кейін демалыс алып, ауылында жүр екен.

«Не дейміз...Ол менің құрбым. Егер менің шарттарыма келіссе және бұл белдесудің гонорары менің көңілімнен шықса, онда мен күресуге дайынмын», - деп пікір білдірді Жәмила.

Айта кетейік, Жәмила мен Замзагүл 2016 жылы Талдықорған қаласында өткен Универсиаданың финалында күресіп, Жәмила 10:0 есебімен жеңіске жеткен.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам