«Тағы да қола жүлде?»: Абиба Әбужақынова өзін сынайтындарға жауап берді

16.04.2025, 11:10

Ол жылды алтын медальмен бастаған, енді алтынмен аяқтаймын деп отыр

«Тағы да қола жүлде?»: Абиба Әбужақынова өзін сынайтындарға жауап берді
olympic.kz

Дзюдодан әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Абиба Әбужақынова өзіне қатысты жағымсыз пікір жазатындар туралы пікір білдірді. Weproject.media басылымының тілшісімен болған әңгіме барысында ол өзінің үздік екенін дәлелдеу үшін барын салатынын атап өтті.

«Мені ең көп шабыттандыратын нәрсе – жағымсыз пікірлер. Біреу: «тағы да үшінші орын ба» деп жазса, соған ашуланамын. Себебі үшінші орын алу үшін де көп күш салу керек. Бірақ, мен өзімнің бірінші бола алатынымды дәлелдегім келеді. Мотивация мүлде жоғалып кеткен сәттерде, мысалы, жарақаттан немесе жеңілістен кейін, өзімнің бұрынғы жекпе-жектерімді қайта қарап, қателерімді саралаймын, алға жылжу үшін күш табамын. Мен үшін нағыз мотивация — өзім», - деді ол.

Белгілі спортшы дзюдо ережесіне енгізілген өзгерістің өзі үшін өте тиімді болғанын жеткізді.

«Жақында дзюдо ережесіне бір өзгеріс енгізіліп, соған қатты қуандым. Бұрын баспен жерге тию арқылы жасалған лақтыру – ереже бұзушылық болып саналатын және ол жеңіліс болып есептелетін. Енді бұл әдіске рұқсат берілді. Бұл – менің сүйікті тәсілім, енді оны еш уайымсыз қолдана аламын. Менде демалуға немесе іс-шараларға баруға уақыт жоқ. Күнделікті өмірім – спорт, жаттығу жиындары мен жарыстар. Бос уақытым болса, үйде демаламын, ұйықтаймын, кітап оқимын немесе жақсы мейрамханаларда тамақтанғанды ұнатамын», - деді Абиба Әбужақынова.

Отандық татами шебері жыл басын Гран-при турниріндегі алтын медальмен бастағанын айта келе, осы жылды да алтынмен аяқтағым келетінін алға тартты.

«Әсіресе маусым айында Будапештте өтетін Әлем чемпионатында үздік атанғым келеді. Бұдан кейінгі басты мақсатым – 2026 жылғы Азия ойындары мен 2028 жылғы Олимпиада болмақ. Осы жолда аяғына дейін баратыныма сенемін», - деді дзюдошы.

Абиба Әбужақынова 2024 жылы Париж Олимпиадасында 48 келіде сынға түсіп, бесінші орынға тұрақтады. Шешуші белдесуде швед балуанынан жеңілген отандасымыз сол сәтте көз жасына ерік беріп, жанкүйерлердің аяушылығын тудырды. Кейін спортшыға елімізде меценаттар 3 көлік мінгізді. Оның бірін «Жеңіс» дзюдо клубының негізін қалаушы Алмаз Әлсенов тарту етсе, тағы бірін Мәжіліс депутаты мінгізді. Сондай-ақ, Атырау облысының кәсіпкерлері де спортшыға қымбат темір тұлпар сыйлады.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам