
Ертең тағы екі балуанымыз татамиге шығады
Душанбеде (Тәжікстан) дзюдодан өтіп жатқан әлемдік Гран Слэм турнирінің екінші күні татамиге шыққан қазақстандық 3 дзюдошы да алғашқы белдесуінде жеңіліп қалды. Оның екеуінің жолын Түрікменстан балуандары кесті.
Атап айтсақ, 73 келіде бақ сынаған Аңсарбек Ғайнуллин Қытай балуаны Жунлонг Гоудан екі вазари ұпайымен жеңілді.
Одан бөлек 73 келіде күрескен Ықылас Әлсейіт алғашқы белдесуінде Түрікменстан балуаны Мейліс Шамуродовқа есе жіберді.
81 келіде өнер көрсеткен тағы бір отандасымыз Досхан Жолжақсынов түрікмен дзюдошысы Илхам Сойунжовтан өте алмады.
Еске салайық, жарыстың алғашқы күні әйелдер арасында 48 келіде күрескен Әбиба Абужақынова қола медаль алған еді. Қалған дзюдошылар жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалған.
Турнир 4 мамырда аяқталады. Жарыстың соңғы күні қазақстандық екі дзюдошы татамиге шығады.