
Тәжік балуаны 9 айға созылған үзілістен кейін ірі жарыста жүлде алып отыр
Душанбеде өтіп жатқан Гранд Слэм бәсекесінде 66 келіде белдескен тәжікстандық Нурали Эмомали өз салмағында чемпион атанды. Әлемдік рейтингте 6-шы орында тұрған белгілі балуан 9 айға созылған үзілістен кейін ірі жарыста жүлде алып отыр.
Тәжікстан астанасындағы сында Нурали іріктеу бәсекесінде Грузия және Өзбекстан балуандарын жеңді. Ал жартылай финалда өзінің отандасы Иосин Бобокалоновты қапы қалдырып, финалда тағы бір тәжік балуаны Обид Джебовты жеңді.
Айта кететін жайт, Нурали Эмомали Париж Олимпиадасында ширек финалға дейін жеткен еді. Ол жартылай финалға шығар жолда даңқты жапон балуаны Хифуми Абэмен белдесіп, әдіс жасау кезінде шынтағын қайырып алған еді. Соның салдарынан ол жарысты аяқтап, жұбаныш белдесуінде татамиге шыққан жоқ. Тәжік балуаны Париж Олимпиадасында қола жүлде үшін қазақстандық Ғұсман Қырғызбаевпен күресуі мүмкін болған.
Айта кететін жайт, Душанбеде өтіп жатқан Гранд Слэм бәсекесіне Қазақстан құрамасы да қатысып жатыр. Алайда, әйелдер құрамасынан жалғыз қатысқан отандасымыз Абиба Әбужақынова ғана қола жүлдеге ие болды.