Астанадағы спорт нысандарын қайта жөндеу керек: Министрлік 20,9 млрд теңге сұрап отыр

09.05.2025, 09:46

Бұған дейін «Астана Арена» стадионының жөндеу жұмыстарына 15 млрд теңге жұмсалған

Астанадағы спорт нысандарын қайта жөндеу керек: Министрлік 20,9 млрд теңге сұрап отыр
Астана әкімдігі

Туризм және спорт министрлігі Астанада орналасқан екі ірі спорт нысанын – «Астана Арена» стадионы мен «Алау» мұз сарайын жөндеуге Үкімет резервінен 20,9 миллиард теңге бөлуді сұрап отыр. Бұл сома министрліктің 2026 жылға арналған бюджеттік өтінімінде көрсетілген. Алайда, әзірге әр нысанға нақты қанша қаржы қарастырылатыны белгісіз қалып отыр.

Айта кету керек, «Астана Арена» бұған дейін де күрделі жөндеуден өткен. 2023 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың қаңтарына дейін жүргізілген жөндеу жұмыстарына 15 миллиард теңге бөлінген болатын. Сол кезеңдегі жұмыстар аясында газон ауыстырылып, жылыту және суару жүйелері жаңартылды. Сондай-ақ шатырдағы поликарбонат панельдер мен бірінші қабаттағы витраждар да толық алмастырылған. Осы жөндеуден кейін 2024 жылдың жазында стадион уақытша ашылып, онда Көшпенділер ойындары өткізілді.

«Алау» мұз сарайына да 2024 жылы жөндеу жүргізілген. Бұл кешен де Көшпенділер ойындарының қатысушыларын қабылдаған негізгі спорт алаңдарының бірі болды. Бұған дейін, 2021 жылы, нысанға 12,3 миллион теңге бөлініп, тек ішінара жөндеу жасалған еді. Алайда жүргізілген техникалық тексеріс шатырдың толық жаңартылуы қажет екенін анықтаған.

Министрлік келесі ауқымды жөндеу жұмыстарын 2026 жылы іске асыруды жоспарлап отыр.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам