Есет Қуанов Астана Grand Slam турнирінің қола жүлдесін жеңіп алды

10.05.2025, 17:52

Бұл – Қазақстан қоржынына түскен бесінші медаль

Есет Қуанов Астана Grand Slam турнирінің қола жүлдесін жеңіп алды
Сали Сабиров, Қазақстан дзюдо федерациясы

Астанада дзюдодан өтіп жатқан әлемдік Гран Слэм жарысының екінші күні сынға түсен Есет Қуанов 73 келіде қола жүлдеге ие болды. Ол үшінші орын үшін белдесуде грузин Михейли Бахбахашвилиді тізе бүктірді.

Есет осы турнирде 5 белдесу өткізді. Алдымен IJF атынан жарысқа қатысып жатқан ресейлік Карен Галстиянды бірінші вазариге түсіріп, артынша иппонға тастады. Екінші белдесуде тәжік Ахмадзод Масудиді шидо санымен жеңді. Ширек финалда әлем чемпионы швейцариялық Нилс Штумптан жеңілді. Одан кейін жұбаныш белдесуге қатысты. Қарсыласы моңғол Батзаяа Эрдэнэбаяр жарақатына байланысты татамиге шықпай жеңіс Есетке берілді.

Бұл – Есеттің Гран Слэм турнирлерінде алған үшінші жүлдесі. Бұған дейін ол 66 келіде 2 қола медаль жеңіп алған.

32 жастағы спортшы 66 келіден 73 келіге ауысқанына жарты жылдан енді асты. Өткен жылдың аяғында 73 келіде ел чемпионатында топ жарған болатын. Жаңа салмақта осымен екінші рет ірі жарысқа қатысып отыр.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам