
Бұған дейін отандық спортшылар бір алтын және екі қола медаль иеленген
Таеквондодан (WT) Фуджейрада өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына екінші алтын жүлде түсті. 65 келіден жоғары салмақта бақ сынаған Сағынғали Жантөре чемпион атанды. Финалда ол украиналық спортшы Максим Шудженконы сан соқтырды.
Одан бөлек, қазақстандық тағы екі таеквондашы қола медальға ие болды. Жасөспірім қыздардан 47 келіде сынға түскен Алла Цой мен 51 келіде өнер көрсеткен Аида Гожалимова әлем біріншілігінің қола жүлдесіне қол жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін Ромашкин Хамзаальпер (61 келі) осы чемпионатта топ жарған болатын.
Әлем чемпионаты 14-мамырға дейін жалғасады.