
Бозбаев жұбаныш белдесулерінде тамаша өнер көрсетіп, үш қарсыласынан айласын асырды
Грузияның Гори қаласында өткен European Cup турнирінде қазақстандық дзюдошы Ислам Бозбаев 100 келі салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алды.
Турнирдің алғашқы белдесуінде ол грузиялық Ислам Цинцалашвилимен күресті. Қарсыласынан 14 жас үлкен Бозбаев жартылай финал жолдамасы үшін өткен белдесуде осалдық танытты.
Дегенмен Бозбаев жұбаныш белдесулерінде тамаша өнер көрсетіп, үш қарсыласынан айласын асырды. Олардың бірі словениялық Леон Марошек болса, одан кейін әзербайжандық Нихад Шихализаденң жеңді. Ал қола үшін күресте украиналық Алексей Ершовты тізе бүктіріп, биылғы алғашқы жүлдесіне қол жеткізді.
Ислам Бозбаев өткен жылы Ақтөбеде өткен ел чемпионатында жеңіліп, жүлдесіз қалған болатын. Ол 2010 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері және 2012 жылғы Лондон және 2020 жылғы Токио Олимпиадасының қатысушысы.