
Белгілі бапкер соңына әлдекімдердің түскенін айтып отыр
Еркін күрестен Афины Олимпиадасының чемпионы, бүгінде Ресей құрамасының бас бапкері Қажымұрат Гацалов допинг бойынша дауға қалды. Ол осыдан он жыл бұрын күресіп жүрген кезінде тапсырған сынамасы бойынша тергеуге шақырылуы мүмкін.
Бұл туралы белгілі бапкер мәселе көтеріп, соңына әлдекімдердің түскенін айтып отыр.
«Өмірімде күтпеген бұрылыс болып, қазір мені допинг қолданды деп айыптап отыр. Нақтырақ айтқанда, "ластанған сынама" туралы әңгіме қозғалды. Жалпы, "ластанған допинг-сынама" деген ұғым жоқ. Мұны мені айыптаушы тарап та мойындап отыр. Айыптау тек біреулердің хат алмасуына және аты-жөні белгісіз адамдардың жорамалына негізделіп қолға алынған. Олардың айтуынша, бұл сынамалар 2015 жылы Мәскеу зертханасында қолдан ауыстырылған көрінеді. Ал бұл сынамалардың сол кезде ауыстырылуы мүмкін екенін мен тек қазір ғана біліп отырмын», - деп жазды Гацалов.
Оның сөзінше, спортшы ретінде ол 10 жыл бұрын таза сынама тапсырған және бұл жайлы антидопингтік органнан ресми хаттама түрінде растаған.
«Сынамам одан кейін қайда, қалай жіберілгенін мен бақылаған жоқпын. Енді міне, біреулердің сөзіне сүйеніп, ол сынама ауыстырылған деген күдік туындап отыр. Бұл бойынша тергеу басталмақ. Менің ойымша, бұл науқанның артында белгілі бір тапсырыс берушілер, пайда іздеген адамдар бар. Өйткені болып жатқан жағдайға басқа қисынды түсініктеме табу қиын. Маклареннің баяндамасы 2016 жылы жарияланды. Ал қазір, арада он жыл өткен соң, сол деректер негізінде орыс бапкеріне айып тағылып отыр. Онда мына сұрақ туындайды: сол он жылдың ішінде антидопинг ұйымдары неге ешқандай әрекет жасамаған? Мен Ресей құрамасының бас бапкері ретінде өз жұмысымды жалғастырып жатырмын. Тергеудің нәтижесін күтемін. Бұл істі шын мәнінде құзырлы органдар тергейді деп сенемін. Және оларға айтқым келетіні: мен әрқашан таза спорт үшін барымды салдым, спортшы болсам да, бапкер болсам да, осыны үнемі насихаттап келемін», - деді ол.
Қажымұрат Гацалов соңғы рет 2016 жылдың ортасында Рио Олимпиадасына қатысу үшін Ресейдің іріктеу турнирінде күрескен. Көрші елдің чемпионатында күміс жүлдегер атанған ол төртжылдықтың басты ойындарынан тыс қалған еді. Бұдан кейін осетиялық спортшы балуан ретінде жарыстарға қатысқан жоқ. Кейін Армения атынан күресуге бел буғанынмен бұл шешімінен айнып қалды.
Сондай-ақ, Гацалов Қазақстанда 3-4 жыл бойы бапкерлік қызмет атқарып, Алматыда жұмыс істеген.
Естеріңізге сала кетейік, Қажымұрат Гацалов 96 келіде күресіп, Олимпиададан бөлек, әлем чемпионатында 5 рет рет чемпион атанды. Ол үш жыл бұрын Ресей ұлттық құрамасына бас бапкер болып тағайындалған.