
Отандасымыз 81 келіде белдесіп, турнир барысында 6 кездесу өткізген
Дзюдодан Испанияның Ла Нусия қаласында өтіп жатқан Еуропаның ашық кубогында Қазақстан құрамасының балуаны Әділет Алмат чемпион атанды.
Отандасымыз 81 келіде белдесіп, турнир барысында 6 кездесу өткізген. Ол алғашқы белдесуінде германиялық Томас Петерді, 1/16 финалда Наик Херковичті, 1/8 финалда болгар балуаны Христо Валковтан басым түсті. Ал ширек финалда Бразилия дзюдошысы Энзо Тромбинидің осал тұсын таба білді.
Жартылай финалда испан спортшысы Жорге Кано Гарсиядан айласын асырса, финалда неміс балуаны Тимо Кавелиусты қапы қалдырды.
Айта кететін жайт, Қазақстан құрамасы аталған сынға толық құрамда сынға түскен жоқ. Әділет Алматтан бөлек, 90 келіде белдескен Нұржан Бисенов жарысты екінші айналымнан бастап, Франция өкілі Тео Хербиерге есе жіберді.
Қазақстан дзюдошылары мамыр айы басталғалы бері 4 турнирде күресті. Айдың алғашқы онкүндігінде отандық татами шеберлері Душанбе және Астана Гранд Слэмінде сынға түссе, 10 мамырда Ислам Бозбаев Грузияның Гори қаласында өткен Еуропаның ашық кубогында қола жүлдеге ие болды.