Лос-Анджелес олимпиадасында әуе таксилері қызмет көрсетеді

18.05.2025, 15:32

Ұшатын құрылғы төрт жолаушыға арналған

Лос-Анджелес олимпиадасында әуе таксилері қызмет көрсетеді
Archer Midnight

2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындары кезінде көрермендер спорт ареналары арасында әуе таксиі арқылы қатынай алады. Ойындардың ұйымдастырушылары бұл жоба аясында Archer Aviation компаниясымен серіктестік орнатқанын хабарлады, деп жазады BBC.

Мамандардың айтуынша, жүйе кәдімгі такси қосымшалары секілді жұмыс істейді, яғни жолаушылар ұшуға тапсырысты мобильді қосымша арқылы бере алады. Ұшатын құрылғы төрт жолаушыға арналған және тікұшақ сияқты көтеріледі. Сапар құны Uber премиум тарифімен шамалас болады деп күтілуде, ал бір нысаннан екіншісіне жету уақыты 10-20 минут шамасында болмақ.

Әзірге бұл әуе таксилері АҚШ-тың Азаматтық авиация федералды басқармасынан (FAA) қажетті сертификат алмаған. Дегенмен Archer Aviation компаниясы биыл бұл сертификатқа ие боламыз деп үміттенуде. Егер Олимпиада басталғанға дейін мақұлданса, компания өз қызметін ойындар кезінде іске қосуға дайын.

Қолданысқа беріледі деген Midnight атты модельде 12 қозғалтқыш пен пропеллер бар. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл аппарат дәстүрлі тікұшақтарға қарағанда әлдеқайда тыныш әрі экологиялық таза. Archer Aviation өз құрылғыларының жолаушылар ұшақтарына қойылатын қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетінін алға тартады.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам