
Спортшы 2019 жылы Жапонияда Иран билігінің бұйыруымен ширек финалда қарсыласынан жеңілуге міндеттелді
Иран билігінің қысымынан кейін парсы елінің атынан күресуден бас тартқан Саид Моллаиге жаңа міндет жүктелді.
Бастапқыда Моңғолия, кейін Әзірбайжан атынан сынға түскен дзюдошы IJF пен көзі көрмейтіндер мен көру қабілеті төмен адамдарға арналған халықаралық спорт федерациясы (IBSA) арасындағы бірлескен жұмыс комиссиясының құрамына қосылғаны белгілі болды.
Бұл комиссия IBSA дзюдосын дамытуға бағытталған стратегиялық шешімдер қабылдауға жауапты. Моллаи 2025 жылы Тбилисиде өткен IBSA дзюдо бойынша Әлем кубогында осы комиссияның алғашқы отырысына қатысқан еді.
Спорттық мансабын аяқтаған соң Әзірбайжаннан Германияға қоныс аударған дзюдошы қазіргі уақытта жас спортшыларды жаттықтырып жүр. Сондай-ақ, ол IJF академиясында білімін жетілдіріп жатқаны белгілі болды.
Саид Моллаи парадзюдо саласында тәжірибесімен бөлісіп, бұл спорт түрін жаңа деңгейге көтеруге ниетті екенін білдірді.
Танымал дзюдошы 2020 жылы Токиода өткен Олимпиада ойындарында 81 келіде күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ, ол әлем чемпионатының жеңімпазы және қола жүлдегері. Ол 2018 жылы Индонезияда өткен Азия ойындарының финалында қазақстандық Дидар Хамзаға есе жіберген болатын.
Спортшы 2019 жылы Жапониядағы әлем чемпионатында Иран билігінің бұйыруымен ширек финалда қарсыласынан жеңілуге міндеттелді. Егер ол жартылай финалға шыққан жағдайда Израиль спортшысы Саги Мукимен күресуі мүмкін еді. Осы жағдайдан кейін спортшы Иран атынан күресуден бас тартып, Токиодан Германияға қашып кетті. Бұл ретте IJF тарапы Иранның дзюдо федерациясын 5 жылға жарыстарға қатысудан шеттетті.