Оның қарсыласы бір аптада үш жарысқа қатысқан
Загребте басталған еркіне күрестен рейтингтік турнирдің финалында Азамат Дәулетбеков болгариялық балуанға жол берді. Отандасымыздың финалдағы қарсыласы Магомед Рамазанов үшін бұл сын бір апта ішіндегі үшінші жарысы болып отыр және бәрінде жеңімпаз атанған.
Ол өткен жұма күні Болгария чемпионатында жеңімпаз атанғаннан кейін Германияның Бундеслига матчында тағы жеңіске жетті. Енді 86 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Загреб ашық турнирінде үздік шығып отыр.
«Осы аптада мен 11 белдесу өткіздім. Сенбіде тағы бір күресім бар. Мен үшін күнделікті күресу қиын емес. Себебі, жеңіске деген аштық бар. Сол үшін көбірек турнирлерге қатысқым келеді», - деді ол жеңіске жеткеннен кейін.
Халықаралық жарыста Болгария құрамасында дебют жасаған дағыстандық легионер Рамазанов Загребте бес белдесудің барлығында жеңіске жетті. Алтыннан алқа тағынған балуан Париж олимпиадасына жеті ай қалғанда 86 кг салмақта өзінің мықты екенін көрсетіп отыр.
Ал Азамат бұл турнирдің алғашқы айналымында әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2019), үндістандық Дипак Пунияны 6:2 есебімен жеңді. Келесі кезеңде қазақ балуаны украиналық Валентин Бабийден 11:0 есебімен басым түсіп, ширек финалда грузиялық Евсем Швелидзені 10:0 нәтижесімен қапы қалдырған еді. Жартылай финалда отандасымыз Израиль елінің өкілін ірі есеппен жеңді.