
Дзюдодан әлем чемпионаты 13-20 маусым күндері өтеді
Дзюдодан ұлттық құрама Астанадағы Гранд Слэм турнирінен кейін Испанияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Бұл оқу-жаттығу жиыны – әлем чемпионаты алдындағы ауқымды дайындықтың бірі.
Оқу-жаттығу жиынында Абиба Әбужақынова да жүр. Ол әлем біріншілігінде ел намысын қорғайды. Даңқты дзюдошы sportbugin.kz тілшісіне сұхбат беріп, дайындығының қалай өтіп жатқанын және ұлттық құрамадағы жаңа бапкерлер туралы ойымен бөлісті.
«Қазір ұлттық құрамамен бірге оқу-жаттығу жиынындамын. Мақсатым – алдағы әлем чемпионатында сәтті өнер көрсету. Жаттығу ойдағыдай өтіп жатыр. Әлем біріншілігіне қатысатын болған соң, Астанадағы Гранд Слэм додасынан тыс қалдым. Қазіргі бапкер Роберт Мшвидобадзе маған жақсы көмектесіп жүр. Менің күресім оған ұнайды», - деді Абиба.
Дзюдошы қызға тек Роберт Мшвидобадзе ғана емес, бапкерлер штабы толықтай көмектесіп жатыр.
«Құрамаға келген мамандардың өзі нәтижені екі жылдан кейін көрсетеміз деді. Алғашқы 3-4 айда қорытынды шығаруға ерте шығар. Шетелдік мамандарға мен баға бермеймін, сондықтан бәрін өз уақытында көреміз деген ойдамын. Құрамаға келген кеңесшілердің әдісі бойынша жас спортшыларды дайындап шығаруға болады. Ал менің күресім бір қалыпқа түскен, қойылған. Сондықтан, мен бұрынғы Абиба болып қала беремін», - деді Әбужақынова.
Еске салайық, ұлттық құрамада әліге дейін бас бапкер жоқ. Оның міндетін Ресейден келген Роберт Мшвидобадзе атқарып жатыр. Ал, оған италиялық әйгілі бапкер Эйцо Гамба көмектесуде.
Айта кетейік, әлем чемпионаты Будапеште (Венгрия) 13-20 маусым күндері өтеді.