
2024 жылы Абу-Дабиде әлем чемпионатында Ерлан Шеров қола жүлдегер атанған
13-20 маусым күндері аралығында Венгрия астанасы Будапешт қаласында өтетін әлем чемпионатында Қырғызстан құрамасынан тек екі балуан ғана күресетін болды.
Қырғызстан дзюдо федерациясының мәліметінше, аталған турнирде көрші ел құрамасы сапында Ербол Абазбеков (66 кг) пен Ерлан Шеровке (90 кг) сенім артылып отыр.
Федерация тарапы құраманың неліктен толық құрамда жарысқа қатыспайтынын түсіндірген жоқ.
Қырғыз дзюдошылары Олимпиада ойындарына тұрақты қатысып келеді. Дегенмен, 2000 жылдан бері елдің татами шеберлері төртжылдықтың басты ойындарынан жүлде иеленбеді.
Сондай-ақ, 2024 жылы Абу-Дабиде өткен әлем чемпионатында Ерлан Шеров қола жүлдегер атанған. Бұл жүлде қырғыз тарихында әлем біріншілігінен иеленген алғашқы медаль болып отыр.