Мұхит пен Ануарбек студияда төбелесті! Жаңа шығарылым!

Азия чемпионатында 4 каратэшіміз финалға шықты

24.05.2025, 11:25

Ұлттық құрамада 11 спортшы жекелей сында өнер көрсетеді

Азия чемпионатында 4 каратэшіміз финалға шықты
Спортты дамыту дирекциясы

Өзбекстан астанасы Ташкентте каратэден (WKF) ересектер арасындағы Азия чемпионаты өтіп жатыр.

Кумите бағдарламасында іріктеу нәтижесінде Ұлттық құраманың 4 спортшысы ақтық сынға сүрінбей өтті. Жоламан Биғабыл (-55 кг), Нұрқанат Әжіқанов (-75 кг), Дайяна Даренская (-68 кг), Софья Берульцева (+68 кг) топтық кезеңде және жартылай финалдағы қарсыласын ұтты. Бұл қатарда әлем чемпионатының қола жүлдегері, жазғы Азия ойындарының жеңімпазы Нұрқанат үшінші жыл қатарынан алтын айқасады. Дайяна ересектер арасындағы алғашқы сары құрлық бәсекесінде осындай нәтиже тіркеп тұр. 

Финалдар (25 мамыр): 
Жоламан Биғабыл  -  Собитхон
Қосимов (Өзбекстан) 
Нұрқанат Әжіқанов  - Мортеза Немати (Иран) 
Дайяна Даренская  - Кама Цубаса (Жапония) 
Софья Берульцева  - Сумире Сугита (Жапония) 

Ал жартылай финалда сүрінген Мөлдір Жаңбырбай (-50 кг), Әсел Қанай (-61 кг), Данияр Юлдашев (-84 кг) пен Диас Ұлбек (+84 кг) қола жүлде үшін жекпе-жекте басым түсті. 

«Жартылай финалда өзбек спортшысымен айқасты уысымнан шығарып алдым. Соңғы секундтарда аяғымды қайырып алғаным өкінішті... Қола жүлде үшін айқасқа шығу, шықпау жайлы көп ойланған жоқпын. Мұнда жарысқа келген соң кез келген медаль мен үшін маңызды. Тағы бір өкініштісі, командалық кумите бәсекесіне қатыса алмайтыным»,-деді Әсел Қанай Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында. 

Сондай-ақ ката дисциплинасында (жекелей) бақ сынаған Мәди Катешов пен Владлена Сигалова іріктеуден өте алмады. 

Барлығы Ташкент қаласына Ұлттық құрама жекелей сында 11 спортшы (6 ер, 5 әйел) алып барды. Бұдан бөлек командалық кумитеде ерлер мен әйелдер, командалық катада әйелдер командасы жүлдеге таласады. Биыл 21-рет өтіп жатқан ересектер арасындағы Азия чемпионатына 29 мемлекеттен таңдаулы 421 татами шебері жиналды.

Қазақстан былтыр Ханчжоудағы чемпионатта 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медальмен жалпы есепте 3-орын алған. Ал 2023 жылғы додаға 3 алтын олжалап, алғаш рет жалпы есепте топ жарған.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам