
Ол осы жарыстағы ең титулды балуандардың бірі болатын
Грек-рим күресінен әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Мейрамбек Айнағұлов Қазақстан кубогының ширек финалында есе жіберді. Белгілі балуан жартылай финалға шығар жолда тараздық Сұлтан Әсетұлынан 5:6 есебімен жеңіліп отыр.
Ақтөбе облысының өкілі енді қола жүлде үшін күресуі мүмкін. Ол өткен жылы Таразда өткен ел кубогында 63 келіде жеңімпаз атанған болатын.
Мейрамбек Айнағұлов – Токио Олимпиадасының қатысушысы. 2017 жылы Парижде өткен әлем чемпионатында 60 келіде белдесіп, күміс жүлде иеленген. Ал, 2019 жылы Астанада лицензиялық әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді. Бұдан бөлек, ол – Азия чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері.
Париж Олимпиадасынан тыс қалған спортшы былтыр Атырауда өткен «Oil Capital Cup» халықаралық турнирінде топ жарды.