
Біздің команданың енді жүлдеге таласуы екіталай
Өзбекстанда волейболдан ерлер арасында жеті ұлттық құраманың қатысуымен Орталық Азияның «Ұлттар Лигасы – 2025» («CAVA Nations League») өтіп жатыр.
Volley.kz мәліметінше, Қазақстан ұлттық құрамасы көрші Қырғызстан командасынан төрт партияда жеңіліп, жарысты сәтсіз бастады.
Қазақстан құрамасы сынға түсіп жатқан «B» тобында Қырғызстан мен Пәкістан құрамалары да бар. Виктор Козиктің шәкірттері алғашқы ойынын қырғыздармен өткізіп, 1:3 есебімен жеңіліс тапты.
«Біздің топта үш команда ғана бар, олардың екеуі титул үшін күресті жалғастырады, ал үшінші орын иегері 5-7-орындар үшін ойнайды. Осы тұрғыдан алғанда, алғашқы матчтағы жеңіліс көңілде күдік тудырады. Жұма күні Пәкістан құрамасы додаға қосылады, ал Виктор Козик жаттықтыратын біздің командада бір күн демалып алуға мүмкіндік бар. Сондықтан сенбі күнгі кездесуде жеңіске жету міндеті ғана тұр…
Жеңіліс, әсіресе көршілерден ұтылудың қорланғандай әсер беретіні рас. Иә, Қазақстан құрамасы Қырғызстанға ресми жарыстарда бұған дейін де жеңілген — мысалы, жеті жыл бұрын, 2018 жылы Индонезияда өткен Азия ойындарында тай-брейкте ұтылған еді. Бұл Нодирхан Қадырханов, Дамир Акимов пен қайта құрамаға оралған Виталий Эрдштейннің есінде.
Бұдан бөлек, қазіргі құрамдағы Қадырхановты есептемегенде тағы алты ойыншы 2023 жылғы Азия ойындарындағы дәл сондай шиеленісті матчты да ұмытпаған болар — Қытайда өткен жарыста біздің команда тай-брейкте жеңіске жеткен еді.
Ферғана төрінде бейсенбіде не болғанын түсіндіру қиын. Түрікменстан құрамасы алаң иесі Өзбекстанды жеңсе, Қырғызстан Қазақстанды тізе бүктірді. Бәлкім, аймақтағы, оның ішінде өз еліміздегі волейболдың даму барысын назардан тыс қалдырып жүрген шығармыз. Ал шын мәнінде, назар аударуға тұрарлық жағдайлар бар секілді», – деп қорытындылайды жарияланым авторы.