
2022 және 2024 жылдары үшінші орын алған балуан бұл жолы алтын жүлдені көздеп отыр
Қазақстандық дзюдошы Абиба Әбужақынова 13-20 маусым аралығында Будапештте өтетін әлем чемпионатына барынша тыңғылықты дайындалып жатқанын айтты.
«Әлем чемпионатына дайындық жоспарға сай жоғары деңгейде әрі қарқынды өтуде. Қазір бабымдамын және толық дайынмын деп айта аламын», – дейді ол Olympic.kz-ке берген сұхбатында.
Биыл Испанияда өткен оқу-жаттығу жиыны оның физикалық әрі техникалық шеберлігін арттыруға сеп болды. Қазіргі таңда дайындықтың соңғы кезеңі Қазақстанда өтіп жатыр.
Бапкерлер құрамының шешімімен жаттығу процесіне шетелдік маман қосылған.
«Жаттығу процесіне Бельгиядан арнайы шақыртылған маман да қосылып, бапкерлер құрамымен бірлесе жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ортақ мақсат – әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсету», – дейді дзюдошы.
Абиба өз салмағындағы басты қарсыластар қатарында Франция мен Жапония балуандарын атады:
«Бұл – әлем чемпионаты. Мұнда осал қарсылас жоқ. Әрбір балуан тыңғылықты дайындықпен келеді, сондықтан ешкімді бөліп-жармай, барлық қарсыласқа бірдей жауапкершілікпен қарап жатырмын», – деді ол.
2022 және 2024 жылдардағы әлем чемпионатында үшінші орын алған балуан бұл жолы алтын жүлдені көздеп отыр.
«Алда үлкен бәсеке күтіп тұр, дегенмен бар күшімді салып, жеңіс тұғырынан көрінемін деген үміттемін», – дейді Әбиба.