62 жастағы павлодарлық спортшы Спорт министрлігін сотта жеңіп шықты

04.06.2025, 12:08

Министрлік спортшыға тиісті сыйақысын төлемеген

62 жастағы павлодарлық спортшы Спорт министрлігін сотта жеңіп шықты
Pexels.com

2019 жылы Сербияда өткен гір көтеруден әлем чемпионатында екінші орын иеленген 62 жастағы павлодарлық спортшыға тиесілі сыйақы тек бірнеше жылдан кейін ғана төленді. Бұл туралы Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Соттың мәліметінше, спортшы әлемдік деңгейдегі жарыста жүлдегер атанғандықтан, қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес, оған ақшалай сыйақы төленуі тиіс болған.

«Халықаралық спорттық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ ұлттық құрама командалардың бапкерлері мен мүшелеріне ақшалай көтермелеу төлеу және оны қайтару қағидаларына сәйкес, жүлдегерлерге ҚР Туризм және спорт министрлігі тарапынан сыйақы төленуі тиіс», – делінген соттың ресми хабарламасында.

Алайда павлодарлық спортшы өзіне сыйақы тиесілі екенін білмеген. Министрлік те ешқандай төлем жасамаған. Біраз уақыт өткен соң, азамат сыйақыны төлеуді сұрап министрлікке жүгінгенімен, ведомство талап қою мерзімі өтіп кеткенін алға тартып, төлем жасаудан бас тартқан. Осыдан кейін ол өз құқығын қорғау мақсатында сотқа жүгінуге мәжбүр болған.

Сот процесі барысында тараптар татуласу рәсіміне жүгініп, судьяның алдын ала құқықтық пікірі негізінде келісімге келді.

«Соттың белсенді рөлі аясында татуластыру рәсімі өткізілді. Нәтижесінде тараптар келісімге келіп, оған сәйкес Туризм және спорт министрлігі 2025 жылдың 1 сәуіріне дейін тиісті төлемді жүзеге асыруға міндеттелді», – деп нақтылады соттың баспасөз қызметі.

Сот шешімі негізінде павлодарлық спортшыға 700 мың теңгеден астам сыйақы төленді.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам