Антикор спортқа бөлінген 6,7 млрд теңгені қысқартты

13.06.2025, 11:36

Басшылықтың жалақысын өсіруге жұмсалған қаржы анықталды

Антикор спортқа бөлінген 6,7 млрд теңгені қысқартты
unsplash.com

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет спорт саласындағы заңсыздықтарды азайтып, балалар мен бұқаралық спорттың дамуына кедергі келтіретін тәуекелдерді жоюға нақты қадамдарға кірісті.

Спортты қаржыландырудағы жемқорлыққа сыртқы талдау нәтижелері көптеген олқылықтарды анықтады. Кәсіби клубтар өз инфрақұрылымын дамыту орнына, шетелдік легионерлерге төлемдер жасап, басшылықтың жалақысын өсіруге және артық оқу-жаттығу жиындарына қаржы жұмсаған. Мұндай жағдайлар жас спортшылар мен бұқаралық спорттың дамуына кедергі болғаны анық.

«Осыған орай агенттік 50-ден астам нақты ұсыныс әзірледі. Оның нәтижесінде 2024 жылдың желтоқсанында және 2025 жылдың наурызында салалық ережелерге өзгерістер енгізілді. Мәселен, кәсіби футбол клубтарының мемлекеттік қаржы алу шарттарына балалар және жастар футбол бөлімшелері, арнайы инфрақұрылым және жаттығу базалары болуы міндеттелді. Оқу-жаттығу жиындарына бақылау күшейіп, арнайы лимит қойылды», – делінген Антикор мәліметінде.

2024 жылғы 15 сәуірде «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңға өзгеріс енгізіліп, министрлікке кәсіби клубтарды қаржыландыру лимитін белгілеу және шетелдік спортшыларды бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салу құқығы берілді.

«Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында кәсіби спортты, оның ішінде футбол клубтарын қаржыландыру 6,7 млрд теңгеге (60,5-тен 53,8 млрд теңгеге дейін) қысқартылды. Спорттық іс-шараларға және жалақыға үстемеақыға негізсіз жұмсалған 1,3 млрд теңге бюджетке қайтарылды. Басқарудың тиімсіздігіне байланысты 11 спорт нысаны мемлекеттік мекемелердің балансына берілді», – делінген Антикор ақпаратында.

Мемлекет салауатты өмір салтын насихаттау мен ұлт саулығына ерекше мән беріп отыр. Қабылданған шешімдер өскелең ұрпақтың спортқа бейімділігін арттырып, отандық спорттың дамуына серпін бермек.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам