Мөлдірге әлем чемпионы атанғанда да тек 300 мың теңге берілген
Әлеуметтік желіде әлемнің үздік спортшысы атанып, беделді Grand Winner сыйлығын екінші рет жеңіп алған каратэші Мөлдір Жаңбырбайға берілген сыйақы қызу талқыға түсті.
Ел намысын әлемдік аренада асқақтатып жүрген спортшыға Қызылорда облысының спорт басқармасы 700 мың теңге ғана берген. Спорт журналисі Ақырыс Сейітқазының сөзінше, Мөлдірге әлем чемпионы атанғанда да тек 300 мың теңге берілген.
«Демеушілер көп қой, Спорт басқармасы солармен келісіп 1 млн теңге берсе болады ғой. Каратэден биылғы маусымда ең көп медаль берген спортшыны бір дұрыстап сыйлай алмады. Бұған дейін әлем чемпионы болғанда 300 мың теңгемен қайтарып еді. Бақтияр Артаев өңір спортына басшы боп барған соң, осы спортшы қыз жақсы марапат ала ма деп едім. 700 мың теңге беріп, шығарып салғаны ұят болды. 300 мың теңгені бапкеріне бөліп берді-ау… Алдыңғы 300 мың теңгеден жақсы деп ойлаған шығар басшылық», - деп жазды ол.
Мөлдір Жаңбырбай – каратэден әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ. Бірақ спортшы қызда әлі күнге дейін «Еңбек сіңірген спорт шебері» деген атақ та жоқ.
Ал мәселеге қатысты Бақтияр Артаевтың өзі жауап беріп, өзінен артық жұмыс істейтін адамға орнын босатып беруге де дайын екенін жеткізді.
«Бүгінгі қабылдау алдағы байрақты бәсекелерге сәттілік тілеп, алар асуы көп болсын деген оймен ғана өтті. Ал ресми стартта чемпион атанса, марапат міндетті түрде абыройлы болады. Спортшыларға ақшалай сыйақы заң аясында бекітілмеген. Сыйақыны демеушілер тарту арқылы үлестірдік. Егер менен артық жасаймын десеңіздер, орнымды сіздерге босатып берейін», - деді Артаев.